Адал тәсіліміз

Құпиялықты сақтау және жеке деректерді қорғау

Біз жеке деректерді жинау, қолдану және сақтау кезінде барлық құқықтық нормалар мен қауіпсіздік талаптарын орындаймыз. Өзіміздің құпия деректерімізге де дәл солай жауаптылық танытамыз.

Бұл JTI үшін нені білдіреді?

Жұмыс барысында қызметкерлерімізге, іскерлік серіктестерімізге және бізбен байланысты басқа тұлғаларға қатысты жеке деректерді жинаймыз және өңдейміз. Біз осы сипаттағы кез келген ақпаратпен жауапты түрде жұмыс істеуге, оның құпиялығын сақтауға және JTI тиімді қызметіне қажетті деректермен ғана жұмыс істеуге міндеттіміз.

Оған қоса бізге компаниямыз туралы құпия коммерциялық ақпарат түсетіндіктен, оны қолдануда да дәл солай жауаптылық танытуымыз керек.

Жеке деректерді немесе құпия ақпаратты заңсыз жолмен немесе рұқсатсыз жариялау салдарынан абырой-беделімізге нұқсан келіп, қызметімізге теріс әсер тиюі мүмкін.

Бұл мен үшін қызметкер ретінде нені білдіреді?

Жеке деректермен жұмыс істегенде сақтық танытамын, тиісті тұлғаларға қатысты құпиялықты әрдайым сақтаймын және деректерді заңды түрде қолданамын.

Жеке деректерді беруге барынша мұқият қараймын. Мұны тиісті коммерциялық себеп болған жағдайда заңды негізде ғана жасаймын. Күмән туындаған жағдайда, ақыл-кеңес алу үшін жергілікті немесе өңірлік кеңесші заңгерге жүгінемін.

Құпия ақпарат пен жеке деректерді сақтау және беру үшін JTI компаниясының сенімді және рұқсат етілген АТ шешімдерін ғана қолданамын. Мен құрылғыларым мен құжаттарымның қауіпсіздігін қамтамсыз етемін, ал JTI компаниясының АТ жүйелерін, сайттарын және басқа да активтерін пайдалану үшін сенімді әрі қауіпсіз құпия сөздерді қолданамын.

JTI аумағынан тыс жерде жұмыс істегенде, бөгде тұлғалар құпия мәліметті немесе құпия сөздерді кездейсоқ естіп не байқап қалмауы, не болмаса оларды пайдалана алмауы үшін қосымша сақтық шараларын қолданамын.

Шыққан жеріне немесе мақсатына сенімсіз құпия ақпаратты алғанда, осы туралы басшыма хабарлаймын. Мен құпия ақпаратты ұсынуды сұрайтын күмәнді хабарларға ешқашан жауап бермеймін, сілтемелер арқылы өтпеймін және осындай хабарлардағы қосымшаларды ашпаймын.

Құпиялықты кез келген жолмен бұзу немесе ақпаратты тиісінше қолданбау туралы мәліметті жергілікті немесе өңірлік кеңесші заңгерге, корпоративтік нормалар мен ережелерге сәйкестік жөніндегі бөлімшенің өкіліне немесе ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бөлімшенің өкіліне дереу хабарлаймын.

Қандай ақпарат сөз болып отыр

Жеке деректерге нақты бір адамға қатысты кез келген ақпарат, мысалы, оның аты, мекенжайы, байланыс деректері, жеке басын куәландыратын құжаттарының нөмірлері, сондай-ақ денсаулық жағдайы, туған-туысқандары, қаржылық жағдайы немесе жұмысы туралы мәлімет жатады.
Құпия ақпаратқа жариялануы JTI қызметіне немесе абырой-беделіне нұқсан келтіре алатын JTI қызметіне, өнімдеріне, коммерциялық жоспарларына және іскерлік серіктестеріне қатысты ақпарат жатады.

Көбірек біліңіз